Жаңалықтар
Финтехтегі инновациялар: Binance Қазақстан және Biometric.vision келісімге қол қойды

Осы жылдың ақпан айында Digital Almaty форумында Binance Қазақстан жасанды интеллект және компьютерлік көру технологияларының жетекші әзірлеушісі – жергілікті Biometric.vision компаниясымен серіктестік келісімге қол қойды. Бұл қадам Қазақстандағы қаржылық технологиялар саласында жаңа дәуірдің басталуына жол ашып қана қоймай, Орталық Азия үшін де прецедент болып табылады: алғаш рет ірі қаржы институты технологияны халықаралық емес, жергілікті стартаптан сатып алды.
Келісімге Biometric.vision негізін қалаушысы Әлібек Наримбай және сол кезде Binance Қазақстанның бас менеджері қызметін атқарған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
Biometric.vision технологиясы – биометриялық идентификацияға заманауи көзқарас. Бұл технология Binance Қазақстан пайдаланушыларына жеке басын растау рәсімінен физикалық құжаттарды ұсынбай-ақ, тек ЖСН арқылы өтуге мүмкіндік береді. Бұл платформада тіркелу процесін айтарлықтай жеңілдетіп, құжаттармен манипуляция жасау мүмкіндігін болдырмай, қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Biometric.vision негізін қалаушысы Әлібек Наримбай бұл ынтымақтастықтың жасанды интеллектпен айналысатын жергілікті стартаптар үшін маңыздылығын атап өтті. Ол Binance тарапынан жүргізілген бір жылдан астам сынақтар мен дайындықтың арқасында жергілікті компанияның әлемдік деңгейде сапалы әрі инновациялық шешімдер ұсына алатынын дәлелдегенін айтты.
«Біздің ынтымақтастығымыз өңірдегі технологиялық даму үрдістерінің сапалы өзгергенін көрсетеді. Бұрын ірі қаржы компаниялары шешімдерді шетелдік әзірлеушілерден сатып алуды жөн көретін, ал бүгінде олар жергілікті нарыққа назар аудара бастады. Бұл Орталық Азиядан шыққан IT-өнімдердің әлемдік аренадағы маңызы мен дамуының артып келе жатқанын білдіреді», – дейді Әлібек.
Binance Қазақстан пайдаланушылары үшін пайдасы айқын: олар платформаға физикалық құжаттарсыз жылдам, ыңғайлы және қауіпсіз қол жеткізе алады. Бұл қазақстандық технология әзірлеушілеріне деген сенімнің артқанын көрсетіп, қаржылық технологиялар саласында жаңа даму мен инновацияларға жол ашады.